Аркалыкский государственный педагогический институт им. Ы. Алтынсарина

Дамир Әбіш "Айтысқа арқау болды Тәуелсіздік" // Қостанай таңы. -2011. -9 желтоқсан. –б.1,2

Облыстық мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік – ата-баба арманы» атты облыстық ақындар айтысы өткізілді. Оған Қостанай, Рудный, Арқалық қалаларынан, Жанкелдин, Қамысты, Қостанай, Жітіқара, Аманкелді, Алтынсарин аудандарынан барлығы 9 жұп қатысты.

Елімізге белгілі айтыс ақыны Әлпия Орманшина шәкірттері Тоба Өтепбаев және Мамай Ізтілеумен бірге жыр шашуын арнап, айтыстың беташарын ашты.

Облыстық мәдениет басқармасының қызметкері Роза Төлешова құттықтау сөз сөйлеп, ақындарға сәт сапар тіледі.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, айтыста бүйірі қызып, «ауыздығымен алысқан» ақындар да аз болған жоқ. Айтыстың басты тақырыбы тәуелсіздік болғандықтан оны жырға қоспай қалған ақын болған жоқ. Желтоқсан көтерілісі, жастарды қырғынға ұшыратқан Кремльдің озбырлығы, Кайрат, Ләззат сияқты ұл-қыздарымыздың қайсарлығы, батырлығы жыр арқауына айналды. Тәуелсіз еліміздің 20 жылда қол жеткізген табыстары, 100-ден астам ұлт мекендеген республикамыздағы ұлтаралық татулық, ел Президенті Н.Назарбаевтың көрегендігі, дүниежүзіндегі абырой-беделі тілге тиек етілді. Сондай-ақ еліміздегі келеңсіз жайлар – сыбайлас жемқорлық, нашақорлық, жетім сәбилердің шет мемелекеттерге сатылуы, ауылдардағы жұмыссыздық және басқа да ащы шындықтар айтылды.

Әрине, мұның бәрі дұрыс. Елдің қол жеткізген табыстарын, проблемаларын, кемшіліктерін әр ақын өз алдына жырлай беруіне болады. Бірақ айтыстың аты - айтыс. Онда екі ақын бірін-бірі әзілқалжыңмен сынап-мінемесе, қағытпаса айтыстың сәні де, мәні де болмайды. Жұртшылықтың көңілін көтеріп, делебесін қоздыратын да осындай айтыс. Мұны айтысқа түскен ақындар жақсы түсінген екен. Жанкелдин ауданынан келген Мақсат Нұрмұханбетов пен рудныйлық Злиха Кенжеғозинаның, қамыстылық Медет Байзақов пен Қостанай ауданынан келген Аслан Қанғожиннің, қостанайлық Нұрболат Қадіров пен арқалықтық Күлзия Малжамбайдың, арқалықтық Бағила Балмышова мен рудныйлық Мамай Ізтілеудің, аманкелділік Балтазар Ізтілеу мен алтынсариндік Бекзат Жалғастың, Аманкелді ауданы атынан түскен Саят Әбенов пен қостанайлық Дастан Бековтың айтыстары әп-әдемі айтыстар болды.

Дегенмен, жітіқаралық Марғұлан Оспанов пен арқалықтық Тоба Өтепбаевтың айтысы ең тартымды, ең тамаша айтыс болды. Екеуі де айтысқа төселген ақындар.

Айтысты Марғұлан бастап:

Айбектің шәкірті боп кетіпсің ғой,

Бір-екі рет Торғайда араласып.

Әлпияға шәкірт боп тағы тұрсың,

Сахнада арнау айтып жағаласып.

Қос кемені ұстаған суға кетер,

Бауырым жағаға шық, жағаға шық.

Айбекпен аппақ болып жүруші едің,

Қап-қара боп келіпсің қара басып, - деп қағытады.

Бұған Тоба:

Марғұлан, істейме өзі ана миың,

Ол рас мен Айбектің шәкіртімін.

Ұқсасын деп киім тікті маған үйім.

Айбек әкем, Әлпия апам болад,

Арамызға салмашы ала құйын.

Арқалықта Айбектің шәкірті боп,

 Ақ киім киіп шығам бала күйім.

 Қостанайға келгенде Әлпияға,

 Шәкірт боп киіп шығам қара киім.

Әсия апам ертең шәкірт қылам десе,

Оған да киіп шығам жаңа киім,-деп ұтымды жауап қайтарады.

Жалпы екі ақынның мұндай жарасымды, ұтымды сөз қақтығыстары көп болды. Қалай дегенмен де Тоба нағыз дүлдүл Айбек ақынның лайықты шәкірті екенін таныта білді, қарсыласынан басым түсті. Оның артықшылығы - қарсыласына кідірмей, мүдірмей, ұтымды әрі дәл жауап қайтара білетіндігі. Өлендерінің ұйқасы қорғасыннан құйғандай салмақты, мығым шығатындығы. Домбырасын баяу шерте отырып, айтар сөзін жақсы мақаммен тыңдаушыларға анық жеткізе білетіндігі. Бірқатар ақындарда осы жай жетісе қоймайды.

Қорыта айтқанда, Тоба Өтепбаев бас жүлдені, Медет Байзақов 1-орынды, рудныйлық Ғалымгерей мен Саят Әбенов 2-орындарды, Марғұлан Оспанов пен Злиха Кенжеғозина үшінші орындарды жеңіп алды. Бірінші орынның жүлдесін Әлпия ақын өзі тағайындады, яғни, тиісті ақшасын өз қалтасынан бөлді.

Айтысты облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық мәдениет сарайы ұйымдастырды.

Talk to us

87143072488