Аркалыкский государственный педагогический институт им. Ы. Алтынсарина

  • Главная
  • Общая информация
  • СМИ об институте
  • СМИ об институте 2011-2013
  • Сейітбек Қуанышбаев, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, география ғылымдарының докторы, "Ақыл көркі- білім" // Егемен Казахстан. -2012. -5 октября. –с.2

Сейітбек Қуанышбаев, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, география ғылымдарының докторы, "Ақыл көркі- білім" // Егемен Казахстан. -2012. -5 октября. –с.2

Ұшқан құстың қанаты талатын Сарыарқаның кіндігінде осыдан 40 жыл бұрын Торғай облысы ашылуына байланысты, өңірді жергілікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету қажеттілігі туындаған еді. Сол кездегі облыс басшысы Сақан Құсайынов пен қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен 1972 жылдың сәуір айында Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты құрылды. Институттың алғашқы ректоры болып, іскер азамат, марқұм Мырзағали Төлегенов тағайындалды. Әрине, жаңадан ашылған облыста құрылған институттың материалдық базасы да, орналасқан ғимараты да жоғарғы оқу орнына қойылатын талаптарға сәйкес келе бермейтін. Алайда, институтқа республикамыздың әр түкпірінен шақырылған оқытушылар сол уақыттағы тұрмыстық қиыншылықтарға қарамастан, жанкештілікпен еңбек етіп, оның уақытқа лайық білім ордасына айналуына зор ықпал жасады. Ол кезде институттың бар болғаны бір ғана факультеті мен үш бөліміне (филология, физика-математика және сырттай оқу) екі жүздей ғана студент қабылданды. Дегенмен, институт үнемі өсу үстінде болды, кейіннен тағы да бірнеше факультет ашылып, студенттер саны 2000-ға дейін өсті. Ал профессорлық оқытушылар құрамы 17- ден 200-ге дейін өсті. Институт жаңа құрылған облыстағы мектептерді білімді жас мұғалімдермен қамтамасыз етті. Бұл игі жұмыс бүгінге дейін жалғасып келеді. Бүгін осы білім ордасы ұстаздарының аға буыны болып саналатын білікті басшылар және көрнекті ғалымдар Мырзағали Төлегеновтің, Рахметолла Башаровтың, Еңбек Ибраевтың, Әспет Қағазбаеваның және Жасұлан Шаймардановтың білім ордасының кемелденуі үшін атқарған жұмыстарының орны бөлек. Олар институттың әр жылдағы түлектерін біліммен сусындатумен қатар, оқу орнының Торғай өңірі ұстаздарының ұстаханасына, қара шаңырағына айналуына зор үлес қосты.

Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты 40 жылда он бес мыңға жуық түлек ұшырды. Олар институттан алған білімін өмірлік тәжірибемен ұштастырып, мұғалім деген қасиетті мамандықты толықтай игеріп, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүр. Біздің түлектердің арасында айтулы ғалымдар, еңбек майталмандары, атақты спортшылар, мемлекеттік қызметшілер және ұлағатты ұстаздар бар. Озық тәжірибелер мен инновациялық технологияны пайдалана отырып, болашақ ұстаздарға заман талабына сай білім беруді Арқалық педагогика институты басты мақсат етіп ұстанған. Міне, институт ұжымы осы бағытта жұмыс істеуде. Ал оған қол жеткізу үшін озық әдістер мен технологияларды кешенді жүргізуге бір кісідей жұмылудамыз. Бүгінге дейін атқарылған істің оң нәтижесі де бар. Институттың материалдық базасы кеңейтіліп, ақпаратты-мультимедиялық, ақпаратты-кітапханалық, тілдерді дамыту, оқу-лабораториялық кешендері құрылды. Бұл өзгерістер бүгінгі заманның талабына сай толық ақпараттандырылған, жан-жақты, дүниетанымы кең, білікті мамандар даярлауға мүмкіндік берді. Ал 18 мультимедиялық аудитория мен дәрістік оқу кешенінен құралатын ақпараттық-технологиялық орталықтың жұмыс істеуі бұл білім ордасының зор болашағынан хабар береді. Әлемдік білім кеңістігіне ену үшін тараздық Хартиямен, Ұлы Хартия Университетімен, Фридрих Эберт атындағы қормен ғылыми және мәдени келісім-шартқа қол қойылды. Бристолдық (Ұлыбритания), Гете институты (Германия), Ресей және ТМД елдерінің оқу орындарымен келісім жасалды. Оқу орнында ыбырайтану, мектепке дейінгі мекемелер үшін маман даярлайтын  «Балдырған» орталықтары және мұражай кешені толыққанды жұмыс істейді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биыл «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында және «Назарбаев Университетінде» оқыған интерактивті дәрісінде қайталап соғып отырған қаржы дағдарысының қаупін сейілту және әлемдік дамудың қарқынына ілесу үшін алдымен білім мен ғылымды дамыту керектігін қадап айтты. Нұрсұлтан Әбішұлы алда атқарылуға тиіс нақты міндеттер қойды. Институт ұжымы да осы үдеден шығуға тырысады. Сондықтан компьютердің «тілін» жетік білетін ұстаз ғана емес, бүгінгі заман оқулықтарын мультимедиялық құралдармен тығыз байланыстыра алатын жоғарғы білікті мамандарды даярлауымыз керек. Бірнеше интерактивтік тақталар мен үш кескінде жұмыс істейтін соңғы буындағы компьютерлер алынды. Осы техникалардың көмегімен оқытушылар мен студенттер білімдерін жан-жақты толықтыру үшін ғаламторға желісіз Wi-Fi интернеті арқылы шығады. Ақпаратты-кітапханалық кешеннің құрылуы біздің институттың оқытушылары мен студенттері үшін терең білім алудың ақпараттық орталығына айналды. Кешенде 209 мыңнан астам кітап қоры мен энциклопедиялар, анықтамалықтар жинақталған. Жылына 10-15 мыңдай жаңа кітаппен толықтырылады. Сонымен қатар, сирек кездесетін кітаптар бар және электрондық ресурстық, медиа, Арқалық аймағына көмек көрсетуге арналған орталықтар, бейнезал жұмыс істейді. Оқу залында отырып –ақ ақпараттар қоржынына, Интернет және электрондық кітапханалар ресурстарына ену мүмкіншіліктері толық қарастырылған. Кешен жұмысын ИРБИС 64 автоматтандырылған платформалық жүйесімен жалғастырады.

Барлық істің тетігі білімді кадрдың қолында екенін біз жақсы білеміз. Торғай облысы екі рет жабылғаннан кейін, Арқалық педагогикалық институты да кадр тапшылығына ұшырады. Ғылыми дәрежесі бар көптеген оқытушылар әлеуметтік себептерге байланысты еліміздің басқа оқу орындарына ауысып кетті. Әрине, қандай озық технологияның өзі адамды алмастыра алмайды. Орталықтан шет аймақта орналасқан оқу орнына кадр табу оңайға соқпайды. Биыл жергілікті әкімдіктің көмегімен сырттан шақырылған мамандарға қызметтік бірнеше тұрғын үйлер берілді. Институттағы келешегінен үміт күттіретін 10 жас оқытушыны ұлттық ғылыми- педагогикалық орталықтарда біліктілігін көтеруге жібермекпіз.

Институт Арқалық қаласының және Торғай төңірегіндегі ауыл мектептерімен тығыз байланыс жасайды. Жаңа технологиялық құралдардың көмегімен «он-лайн» желісімен байланысқа шығып әрі оларға әдістемелік бағыттар беріліп тұрады. Былтырғы оқу жылынан бастап Торғай өңіріндегі мектеп мұғалімдері үшін институтымызда біліктілікті жетілдіру орталығы ашылды және ол өзінің оң нәтижесін беруде, Арқалық қаласы және оның төңірегі, Амангелді және Жангелдин аудандары мектептерінен келген 400-ден аса мұғалім кәсіби біліктілігін көтерді. «Дипломмен- ауылға!» бағдарламасы бойынша институттың 37 түлегі ауылдық мектептерге жұмысқа орналасты. Олар қазір өз мамандығының қыр-сырын меңгеріп, ауыл балаларын біліммен сусындатуда.

Негізі ауыл мектептерінде мұғалімнің жетіспеуі білім беру саласындағы өзекті проблема екені рас. Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогика институты Арқалық аймағына ғана емес, Қостанай облысының оңтүстік, Ақмола облысының Жарқайың, Есіл және Жақсы аудандарындағы ауылдық мектептерге маман кадрлар дайындауды қамтамасыз етіп отыр. Жасыратыны жоқ, Қостанай мен еліміздің өзге де ірі қалаларындағы жоғарғы оқу орнын бітірген түлектер Торғайдың шалғай ауылдарына бара бермейді. Ал Арқалық педагогика институты осы олқылықтың орнын тотыруға тырысады. Торғай өңірі төңірегінен келіп білім алған жастар негізінен өз ауылына маман болып оралады. Биыл Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының мектеп түлектерін де гранттық жүйемен және ақылы түрде оқуға тарттық. 17 студент әкімнің және ректордың грантымен, ал институт бойынша 1198 студент бюджет есебінен оқиды. Сырттан келген студенттерге жатақхана беріледі, ал биыл заман талабына сай жаңа жатақхананың құрылысы басталып, қараша айында тапсырылмақ.

Біздің институтымыз Арқалық қаласының мерейін асыруға ат салысады. Айтыскер ақын Айбек Қалиевті республика жұртшылығы таниды. Институтта әдеби-мәдени бірлестік жұмыс істейді. «Руханият» студент жастар театры қала көрермендерінің көзайымына айналды. Спортшы студенттер қала біріншілігінен бастап, әлем чемпионаттарына дейін қатысып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Институтта 5 спорт залы бар, спорттық-сауықтыру кешені және ашық спорттық алаңдар жұмыс істейді. Елбасының бұқаралық спортқа халықты кеңінен тарту туралы талабының аясында спорт кешендерінің есігі қала тұрғындарына әрқашан ашық. Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Торғай өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері» ғылыми бағдарламасының  аясында қашықтығы 300 шақырым болатын Арқалық-Торғай бағытында эстафеталық жеңіл атлетикалық марафон өткізілді. Бұл танымдық іс-шара тек институтымыздың мерейтойына ғана емес, ұлы ағартушы Ыбырай атамыздың мұраларын кеңінен насихаттауға және жастарды ел тәуелсіздігі тарихының бесігі- Торғай жерінің өткені мен елдің бүгінгі тұрмыс-тіршілігімен таныстыруға, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуге арналды. Торғай өңірінің тарихын зерттеу біздің тарапымыздан одан әрі жалғасын таппақ. Шақшақ Жәнібек, Амангелді Иманов пен Кейкі батыр, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов, Әліби Жангелдин, Бірімжановтар әулеті, Нұрхан Ахметбеков және тағы басқа да тарихи тұлғалардың өмірі мен Қостанай облысы оңтүстік өңірінің тарихи жерлері, Батпаққара көтерілісі, Ақшығанақ шайқасы және Торғай өңіріндегі тың көтерудің екінші толқыны туралы зерттеу экспедицияларын ұйымдастыратын боламыз.

Торғай өңірі ұстаздарының ұстаханасына айналған институт жаңа ғасырда да білім жарысының әлемдік үрдісіне ілесуді мақсат етеді. Ал біліммен сусындаған жас ұрпақтың болашағы айқын болады.

Talk to us

87143072488