Аркалыкский педагогический институт им. И. Алтынсарина

  • Главная
  • Общая информация
  • СМИ об институте.
  • СМИ об институте 2011-2013
  • Рудный қаласы. Қуаныш СЕЙДОЛЛА¥ЛЫ «Студенттік көктем» - Рудныйда // Қостанай таңы. -2012.-25 мамыр. –б.7

Рудный қаласы. Қуаныш СЕЙДОЛЛА¥ЛЫ «Студенттік көктем» - Рудныйда // Қостанай таңы. -2012.-25 мамыр. –б.7

Студенттік кезең-адам өміріндегі ең бір қимас, қызығы мол күндер. Сонымен бірге өнерге, ғылымға деген сүйіспеншілік пен ықыластың да осы кезеңдерде қалыптасатындығы сөзсіз шындық. 50 жылдан астам тарихы бар Рудный қаласындағы іргелі білім ордасы - Рудный индустриалдық институтында жастық шақ пен студенттік өмірдің символына айналған XVIII облыстық дәстүрлі "Студенттік көктем-2012" фестивалі дүркіреп өтті. Фестиваль Қостанай облысы мен Рудный қаласы әкімдігінің, сонымен қатар жоо ректорлары кеңесінің қолдауымен өткізіліп отыр. Аталмыш шара аясында студенттер дебат, бейнеролик, КВН, шығармашылық, би, ғылыми жобалар мен спорттық сайыстарда өз бақтарын сынады.

"Студенттік көктемнің" ашылуы Рудныйдың орталық алаңында Қостанайлық білім ордаларының салтанатты шеруімен басталды. Әр жоғары оқу орны өз саптарын "Астана - түрік және ТМД елдерінің мәдени астанасы" атты тақырыпта безендірді. Әсіресе ҚР ІІМ ҚАЖК академиясы курсанттарының салтанатты шеру рәсімі ел есінде көпке дейін сақталары сөзсіз. Студенттер сап түзеп орындарына жайғасқан соң, фестивальдің туы көкке көтеріліп, дәстүрлі "Студенттік көктем-2012" фестивалі ашық деп жарияланды. Алғаш боп студенттерді айтулы мерекемен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов құттықтады. Ол осы тамаша дәстүрдің бастамасы Рудный индустриалдық институты болғанын мақтанышпен жеткізіп, жастарға шығармашылық табыс тіледі. Ал облыстық мәслихат депутаты, Рудный индустриалдық институтының ректоры Талғат Жүнісов: "Бүгінгі фестивальдің басты тақырыптарының бірі - биыл ел көлемінде аталып өтпек Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 20-жылдық мерейтойы. Халқымыздың рухани тірегі болып табылатын мемлекеттік нышандарымыздың қазақстандықтарды біріктірудің негізі, азаматтардың бойында өз еліне деген шынайы құрмет пен мақтаныш сезімін тәрбиелейтін бірден - бір құралы ретіндегі маңыздылығы ерекше", - дей келе, озық ойлы студент жастарға сәттілік тіледі.

Фестиваль аясында студенттердің алдын ала іріктелініп алынған ғылыми жұмыстары сарапқа салынды. Түрлі аталымдар бойынша конкурсқа қатысқан 68 ғылыми жұмысты Рудный индустриалдық институтының проректоры Б.Жәутіков, Челябі мемлекеттік университетінің қостанайлык филиалындағы ғылыми - зерттеу бөлімінің бастығы Н.Колодий, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті техника факультетінің деканы Б.Салықов сияқты әділқазы алқасының мүшелері қарап, студенттерге зерттеулеріне қатысты сауалдар қойды. Ғылыми жұмыстардың қай-қайсысын алса да мазмұны және өзектілігі жағынан ұкыпты орындалғаны көрініп тұрды.

Конкурс қорытындысы бойынша жаратылыстану және техникалық ғылымдар ба-ғытындағы ең үздік ғылыми зерттеуі үшін М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің студенті Н.Карцев пен Рудный индустриалдық институтының студенті С.Мельниковке 1-орын берілді. Ал экономикалық ғылымдар бағытындағы жүлдені Челябі мемлекеттік университетінің қостанайлық филиалының студенті Ю.Молостова жеңіп алды. Гуманитарлық ғылымдар аталымы бойынша 1-орын ҚР ІІМ ҚАЖК академиясының студенті Е.Юдаковқа бұйырса, ауыл шаруашылығы, экология, қоршаған ортаны қорғау бойынша жазылған Рудный индустриалдық институтының студенті А.Соколованың ғылыми жұмысы ең үздік деп танылды.

Бұл жолы көрермендерге қазақы әзіл мен тамаша көңіл-күй сыйлау үшін Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Қостанай қаласының жоғары оқу орындары мен Рудный индустриалдық институтының құрама командалары өнер көрсетті.

Әрқайсысына жеке-жеке тоқталып көрелік...

Аймақтың басты жоғары оқу орны - Қостанай мемлекеттік университетінің КВН-щиктері жастарға көбіне саяси әзіл корсетті. Біршамасы өтпей қалды. Саяси сауаттылық деңгейінің пәстігінен-ау деп жорамалдадық.

Екінші боп сахнаға мұғалімдер даярлайтын Қостанайлық білім ордасының құрамасы шықты. Өткен жылғы фестивальдің жеңімпаздары өздерін сахнада еркін ұстады. Көптеген әзілдерін көрермен жылы қабылдады. М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің жігіттері де жаман емес. Ойнау шеберліктері де, әзілдері де орташа деп бағамдадық.

Ал Арқалықтан келген әзілкештер көрермендерді риясыз күлкіге қарық қылды. КВНщиктер жуырда өткен республикалық 1/8 премьер-лига ойындарынан ширек финалға сүрінбей өткен болатын. Жарайсыңдар, жігіттер!

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті академиясының "погон" таққан ұл-қыздары орташа ойын үлгісін көрсетті. Киелі сахна мәдениеті сақталмады.

З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің құрамасы еш дайындықсыз келді. Мүмкін уақыттары болмады. Көш жүре түзелер...

Ойынды "РИИ қырандары" әдемі аяқтады. Рудныйлық команда көрермендері артқан үміттің үдесінен шықты.

"Студенттік көктем-2012" фестивалі аясында өткен қазақша КВН ойыны баршаның көңілінде көпке дейін сақталары сөзсіз. Ойын қорытыңдысын "Қазақстан КВН Одағы" РҚЖБ Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Марғұлан Бәкір, облыстық "Қостанай таңы" газетінің Рудныйлық өкілі Қуаныш Есқабылов пен "Жаңа өмір" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Дабылов шығарды. Ұпай саны бойынша көш басында Арқалық педагогикалық институты мен Рудныйлық "РИИ қырандары" тұр. Одан кейін ҚМПИ мен М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің құрамасы тұр.

Фестивальдің алғашқы күні білім ордалары арасында "Бұл - біздің елдің рәміздері" тақырыбында бейнероликтер сайысы ұйымдастырылды. Басты мақсат - Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдығын атап өту, жастар арасында мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметті күшейтіп, патриоттық тәрбие беру.

Бейнероликтерді Қостанай облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Қалиева Сайран, Рудный қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Шульга Инна, "Рудный Даусы" теле-радио компаниясының тілшісі Федорчук Ирина, қалалық "Жас Отанның" хатшысы Хабдуллин Арман сияқты әділ қазы алқасының мүшелері бағалады.

Әрбір мемлекет үшін отаншылық рухта тәрбие беру азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлануынан басталады.

Бұл міндеттің күрделілігін Елбасы нақты пайымдап, "... Бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал оны елдің туын, елтаңбасын, әнұранын қастерлеуден, заңды өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан - менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн", -деген болатын. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділікке жол ашты.

Конкурсқа қатысуға өтініш білдірген 7 жоғары оқу орнының бейнероликтерін қарап шыққан әділ қазы алқасы роликтің жаңашылдығына, ақпараттылығына, өзектілігіне баса мән берді. Нәтижесінде 1-орынды А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің туындысы жеңіп алды. Бұл университеттің бейнеролигі аса ықыласпен, үлкен дайындықпен жоғары деңгейде жасалғаны көрініп-ақ тұрды. Екінші орын Челябі мемлекеттік университетінің қостанайлық филиалына бұйырса, 3-орынды Рудный индустриалдық институтының бейнеролигі місе тұтты.

Биылғы фестивальде студенттер спорттың баскетбол, футбол, тоғызқұмалақ, дзюдо, шахмат сияқты түрлерінен бақтарын сынады. Жарыс 4 мамырда басталып, 12-і күні мәреге жетті. Ойынға әділ баға беру үшін әр жоғары оқу орындарынан спорт мамандары мен республикалық деңгейдегі спорт шеберлері арнайы шақырылды. Ойындар өте тартысты өтті. Қостанай мемлекеттік университеті, Қостанай мемлекеттік педагогоикалық институты мен Рудный индустриалдық институтының студенттері жалпы қорытынды бойынша үздік үштікке ілінді.

Фестиваль аясында шығармашылық, би конкурстары, Рудныйдың 55 жылдығына арналған квест пен контр-страйк ойындары өткізілді. Студенттердің биылғы фестивалі өте жоғары деңгейде, кең ауқымды, әрі қызықты ұйымдастырылды.

"Студенттік көктем - 2012" фестивалінің жабылу салтанатында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, РИИ-дың тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры А.Жүсіпов фестиваль кілтін Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына табыс етті. Сонымен, қостанайлық білім ордаларының үздік студенттері келесі жылы өз бақтарын Арқалық қаласында өтетін дәстүрлі "Студенттік көктем - 2013" фестивалінде сынамақ.

 

Talk to us

87143072488